⚜️МЕКТЕП ПРЕЗИДЕНТІ САЙЛАУЫ⚜️
2025 жылдың қазан айында Жаңажол жалпы білім беретін орта мектебінде дәстүрлі *Мектеп президентін сайлау* науқаны ұйымдастырылды. Бұл іс-шара мектептің өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, оқушылардың көшбасшылық қабілетін арттыру, азаматтық белсенділігін қалыптастыру мақсатында өткізілді.
Сайлауға 9–10-сынып оқушылары арасынан 5 үміткер өз кандидатураларын ұсынды. Олар – білім деңгейі жоғары, мектеп өміріне белсене араласып жүрген, үлгілі тәртібімен танылған оқушылар. Әр үміткер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, өз бағдарламаларын таныстырды. Бағдарламада мектептегі тәртіпті нығайту, іс-шараларды ұйымдастыру, оқушылардың ұсыныс-пікірін жеткізу, оқу мен демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау, сондай-ақ мектепішілік достық қарым-қатынасты нығайту сынды бағыттар қамтылды.
Сайлау күні мектептің барлық ұжымы – мұғалімдер, техникалық қызметкерлер, сондай-ақ 1-11 сынып оқушылары сайлауға белсене қатысып, өз таңдауларын жасады. Дауыс беру ашық әрі әділ жүргізілді. Арнайы дауыс беру жәшігі қойылып, әрбір сайлаушы жеке-жеке дауыс берді. Сайлау нәтижесі арнайы комиссия тарапынан әділ саналып, хаттама толтырылды.
Нәтижесінде ең көп дауыс жинаған *10-сынып оқушысы Сағынтаев Ислам* жеңіске жетіп, мектеп президенті атанды. Ислам — тәртібі мен білім деңгейі жоғары, мектеп ішілік және аудандық іс-шараларға белсене қатысатын, көшбасшылық қабілетімен көзге түскен оқушы.
Сайлау — оқушыларға үлкен өмірге дайындықтың бір сатысы. Бұл шара арқылы балалардың өзіндік көзқарасы, таңдауы, жауапкершілігі қалыптасып, шынайы өмірлік тәжірибе жинақтайды. Жаңа мектеп президентіне алдағы жұмысына сәттілік тілейміз!
Жауапты: Г.Бидағұлова/тәлімгер/
https://www.instagram.com/p/DQBhh4bjFT2/?hl=ru
\\




